Қарағанды облысында шартты түрде сотталғандарға бақылау күшейтілді
Қарағанды облысында шартты түрде сотталғандарға бақылау күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында түзету мекемелерінен тыс жерде жазасын өтеуге мүмкіндік алған адамдарға қатысты бақылау күшейді. Бұл шаралар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және шартты сотталған азаматтарға тікелей қатысты.
Сот органдары үкім шығарған кезде сотталғанға қойылатын талаптар мен шектеулерді толық әрі түсінікті түрде түсіндіреді. Ал бұл ақпарат бірден пробация қызметіне және тұрғылықты мекенжайы бойынша бақылауды жүзеге асыратын аумақтық полиция органдарына жолданады.
Жыл басынан бері жүргізілген жұмыс нәтижелері бақылаудың күшейтілуінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Полиция органдарының шартты жазаны нақты бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстыру туралы 194 ұсынысы сотпен мақұлданған. Сонымен қатар бұған дейін мерзімінен бұрын босатылған 12 адам қайтадан түзету мекемесіне жіберілді.
Осындай жағдайлардың айқын мысалы - 33 жастағы қарағандылық азамат. Ол ақпан айынан бастап пробация қызметі мен Октябрь аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторының жіті назарында болды. Жазаны өтеу талаптарын бірнеше мәрте бұзғанына қарамастан, сот оның шынайы өкінішін ескеріп, екі рет мүмкіндік берген. Алайда көрсетілген сенім ақталмай, ретсіздік пен өрескел тәртіп бұзушылықтар жалғаса берді. Сот аталған азаматқа 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұл оқиға – заңның талабы бәріне ортақ екенін, ал берілген мүмкіндікті бағалай білу қажет екенін еске салатын маңызды сабақ.
