Шымкентте киберқауіпсіздік бойынша форум өтті
Шымкентте киберқауіпсіздік бойынша форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкентте 1500-ден астам тұрғынды жинаған "Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік" тақырыбында кең ауқымды форум өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Үскембаев, қала прокурорының орынбасары Марат Ержан, экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары Санат Құлбаев, "Digital Road" IT-индустрия қауымдастығының өкілі Сейдулла Исмаилов және полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – қоғамда "Заң мен Тәртіп" идеологиясын ілгерілету, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қауіпсіздік дағдыларын дамыту, киберқылмыстар үшін жауапкершілікті түсіндіру және жеке деректерді қорғаудың маңыздылығына қоғам назарын аудару.
Форум IT-жабдықтар мен робототехника көрмесімен басталып, кейін қатысушыларға театрландырылған көрініс ұсынылды. Форумды Арман Сәбитов ашып, интернет-алаяқтықпен жүйелі күрестің, сондай-ақ мемлекет, кәсіби орта және азаматтар арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызын атап өтті. Спикерлер форум барысында интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы толыққанды түсіндіріп, мұндай қылмыстардың көпшілігі азаматтардың сенгіштігінен туындайтынын айтты.
Құрманбек Сахов алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін, одан қорғану жолдарын және қоғамда цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың қажеттілігін егжей-тегжейлі баяндады.
Форумның ерекше бөлігі – "Мошенники" фильмінде басты рөлді сомдаған қазақстандық актёр Рүстем Омаровтың қатысушыларға жолдаған видеоүндеуі болды. Ол тұрғындарды сақ болуға, күмәнді онлайн-хабарламаларға сенбеуге және цифрлық сауаттарын үздіксіз арттыруға шақырды. Бұдан бөлек, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардың салдары туралы бейнеролик көрсетілді.
Спикерлер киберқылмыстардың алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралар жөнінде де айтып, алаяқтар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жалған онлайн-сервистерді жиі пайдаланатынын атап өтті.
Форум азаматтарды қабылдаумен аяқталды. Сала мамандары тұрғындардың интернет-алаяқтыққа қатысты сауалдарын тыңдап, киберқауіптерге тап болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі туралы кеңес берді.
