Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда жасөспірімдер қауіпсіздігі бойынша кеңейтілген жиын өтті

Алматыда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, полиция және әлеуметтік қызмет өкілдері қатысқан кеңейтілген отырыс өтті. Жиынның басты тақырыбы — кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұл іс-шара Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы және "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылып, жасөспірімдерге қатысты қауіпсіздік мәселелеріне кешенді әрі жүйелі көзқарасты қалыптастыруды мақсат етті.

Кездесу барысында қатысушылар жасөспірімдердің дұрыс қалыптасуы үшін қоғамның барлық институттары яғни отбасы, мектеп, әлеуметтік орта, педагогтар, психологтар мен полиция бірлесіп әрекет етуі қажет екенін атап өтті. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек бір саланың жұмысы емес, ортақ жауапкершілік.

Ішкі істер органдары мен білім беру мекемелері арасындағы өзара байланыс пен ақпарат алмасуды күшейту, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, жасөспірімдерді ерте кезеңде қолдау тақырыбына тоқталып өтті.

– Алматыда жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылықтардың елеулі бөлігі басқа өңірлерден немесе шегара маңындағы аймақтардан келген балаларға тиесілі. Бұл — алаңдаушылық тудыратын мәселе және ведомстволық өзара іс-қимылды күшейтуді талап етеді. Әрбір жасөспірім өзін ересектер тарапынан қолдаудың бар екенін сезініп, жасалатын әрбір әрекеттің жауапкершілігін түсінуі маңызды. Тек отбасы, мектеп және мемлекеттік құрылымдардың бірлескен жұмысы арқылы ғана біз болашағы жарқын, заңға құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелей аламыз, — деді Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов.

Полиция Профилактика жылы аясында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға, сондай-ақ жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру