Ақмола облыстық ҚАЖ департаменті оқушыларға профилактикалық кездесу өткізді
Ақмола облыстық ҚАЖ департаменті лицей оқушыларға профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлері лицей оқушылары үшін маңызды кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар проблемалардың және құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ оларға қарсы әрекет ету.
Сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Ксения Шараева оқушыларға есірткі қолданудың зиянды салдары, оның таралуымен байланысты қауіптер және осы әрекет үшін көзделген заңды жауапкершілік туралы айтып берді.
Сондай-ақ ол жастар арасындағы алкоголизм мәселесіне тоқталып, алкогольді ерте жастан қолдану тәуелділікке, денсаулықтың нашарлауына және өмірлік қиындықтарға әкелетінін түсіндірді.
Кездесу барысында буллинг мәселесі де талқыланды. Оқушыларға мектеп ортасындағы қорлау, оның салдары және сыныпта достық әрі қауіпсіз атмосфера қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.
– Сыныптағы достық қарым-қатынас өте маңызды, ол бүкіл ортаға оң ықпал етеді. Сыныптастарыңды құрметтегенде өзіңді сенімді сезінесің, мектепке қуана келесің, бәрімен араласқың келеді, өзіңді бір команданың мүшесіндей сезінесің, – деді лицей оқушыларының бірі.
Кездесу аясында оқушыларға “Өкініш” атты бейнеролик көрсетілді. Фильмде қателік жасап, соның теріс салдарымен бетпе-бет келген адамның оқиғасы баяндалады. Оқушылар есірткі мен алкоголь қолданудың немен аяқталуы мүмкін екенін көруге мүмкіндік алды. Адамның қате таңдауынан кейін қандай қиын жағдайға тап болатыны жайлы ой түйді.
