Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арманына адал болған көлік полицейі

Ішкі істер органдарындағы қызмет – табандылық пен тәртіпті ғана емес, өмірлік таңдауға деген беріктікті талап ететін жол. Сол жолда өзінің қайсар мінезімен, еңбекқорлығымен және кәсіби адалдығымен ерекшеленіп жүрген жандардың бірі – Көкшетау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің штаб бастығыТұрсын Байзақова туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Тұрсын Сырымбетқызы үшін полиция қызметі – жай жұмыс емес, бала күнгі асқақ арман. Алайда мектепті аяқтар шақта өмірдің ауыр сынағы кездесіп, жақын адамынан айырылуы оның жоспарына уақытша өзгеріс енгізді. Отбасы жағдайын ескерген ол педагогикалық институтқа түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгереді. Бірақ жүрегіндегі бір арман – полиция формасы – оны қайтадан өз жолына алып келді.

Оқу орнын аяқтаған соң Тұрсын Сырымбетқызы өмірлік арманын жүзеге асыруға бел буып, құқық қорғау саласына қадам жасайды. Оның қызмет жолы 2000 жылы Көкшетау станциясындағы Ішкі істер желілік бөлімінде хатшы-машинист ретінде басталды. Тәртіп пен тиянақтылыққа бейім қызметкер тез арада көзге түсіп, 2004 жылы аттестаттаудан өтіп, офицер атанды. Сол жылы ол кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор қызметіне тағайындалды.

Бұл лауазым – үлкен жауапкершілікті талап ететін бағыт. Тұрсын Сырымбетқызы жасөспірімдермен жұмыс істей жүріп, қиын жағдайдағы талай балаға қолдау көрсетті. Мектептер мен колледждердегі профилактикалық кездесулер, ата-аналармен әңгіме, жасөспірімдердің тағдырына әсер ететін шешімдер оның күнделікті қызметінің бір бөлігі болды. Әсіресе бір отбасы бойынша анасының ата-ана құқығын шектеуге қатысты іс оның есінде мәңгі қалған ауыр оқиғалардың бірі болды. Офицер бұл істі аса жауапкершілікпен жүргізіп, адамдық және кәсіби принциптерінен таймай, әділ шешім қабылдай білді.

Қызмет жылдары ішінде бөлім құрылымы бірнеше рет өзгеріп отырды, алайда Тұрсын Сырымбетқызы қай кезеңде де жоғары кәсіби деңгейін сақтап, өзін сенімді маман ретінде көрсетті. Қазіргі таңда ол – бөлімнің ұйымдастырушылық жұмысын үйлестіретін, жоспарлау мен есеп жүргізудің негізгі тетігі саналатын штабтың жауапты басшысы. Бұл қызмет тек тәжірибелі әрі мінезі орнықты қызметкерге сеніп тапсырылады. Оның бүгінгі жетістігі – жылдар бойғы еңбектің нәтижесі.

Тұрсын Сырымбетқызы – қызметте талапшыл, отбасында мейірімді ана. Үш баласын білімге, тәртіпке және адамгершілікке баулып өсіріп отыр. Үлкен қызы – Астанада, ортаншы ұлы – Алматыда, кіші ұлы – Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуда. Балаларының табысы – ананың өнегелі тәрбиесінің айқын көрінісі.

Погон тағу – ерлік пен жауапкершіліктің символы. Бұл жолда сабыр сақтап, күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай білу – нағыз офицердің қасиеті. Полиция майоры Байзақова Тұрсын Сырымбетқызының қызметтік жолы – осының жарқын дәлелі. Ол өз адалдығымен және кәсіби біліктілігімен жас мамандарға үлгі болып, ішкі істер органдарындағы әйелдің биік беделін танытып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру