Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері күніне орай шағын футболдан турнир өтті

Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері күніне орай шағын футболдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында департамент мекемелері қызметкерлері арасында шағын футболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылды.

Спорттық додаға алты команда қатысты: облыстық ҚАЖ департаментінің бес мекеме командасы және бір команда — ҚАЖ ардагерлерінен құралды. Турнир достыққа негізделген, бірақ қызу әрі тартысты бәсекелестік рухында өтіп, әртүрлі бөлімшелердің қызметкерлерін бір алаңға тоғыстырды.

Шараның басты мақсаты — корпоративтік рухты нығайту, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, сондай-ақ жеке құрам арасында спорттық дәстүрлерді дамыту болатын. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін командалар жасыл алаңға шығып, жоғары дайындық деңгейін, команда болып әрекет етудің үлгілі моделін және жеңіске деген жігерін көрсетті.

Турнир нәтижесінде бірінші орынды №19 мекеме командасы жеңіп алды. Күміс жүлдені ҚАЖ ардагерлері қанжығасына байласа, үшінші орын пробация қызметкерлерінің командасына бұйырды.

Жарыс барысында бірқатар жеке номинациялар да анықталды. "Үздік ойыншы" атағы №19 мекеме командасының капитаны Руслан Төлеутаевқа берілді. Ал "Үздік қақпашы" номинациясының иегері №20 мекеменің қызметкері Асет Қожахметов болды.

— Мұндай спорттық іс-шаралар қызметкерлердің физикалық дайындығын арттырумен қатар, ұжымдық ынтымақ пен командалық рухты күшейтеді. Баршаңыздың бастамашылдығыңызға, табандылығыңызға және жеңіске деген ұмтылыстарыңызға ризашылығымды білдіремін. Спорт алаңында да, қызметтік міндеттерді атқаруда да жаңа жетістіктерге жете беріңіздер, — деді №19 мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.

Турнир жеңімпаздар мен қатысушыларды салтанатты түрде марапаттау рәсімімен аяқталды. Шараға қатысқан мекемелер басшылығы спортшыларға белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіріп, оларға спорттағы және қызметтегі жаңа табыстар тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру