Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында қысқы мезгілде автожолдарда 127 жылыту пункті жұмыс істейді

Абай облысында қысқы кезеңдегі жол қауіпсіздігі күшейтілді. Автожолдарда 127 жылыту пункті жұмыс істейді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қыс мезгілінде ауа райының құбылмалығы мен жол жағдайының күрделенуіне байланысты Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді және жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Өңір аумағындағы автомобиль жолдарында жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып отыр.

Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Абай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасар Бақытбек Сыдықбаев кеңінен баяндады. Оның айтуынша, қысқы кезеңде автожолдардағы жағдай тәулік бойы қатаң бақылауға алынған.

Патрульдік полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен және тиісті қызметтермен бірлесе отырып, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізуде. Жүргізушілердің жол қозғалысы ережелері мен белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауына ерекше мән беріліп, қолайсыз ауа райы жағдайларында қосымша қауіпсіздік шаралары қабылдануда.

Боран, көктайғақ және көріну қашықтығының шектелуі сияқты қауіпті кезеңдерде көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында автокөлік колонналары мен жеке көлік құралдарын сүйемелдеу ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1 914 көлік құралы полиция қызметкерлерінің алып жүруімен қауіпсіз бағытта қозғалды. Оның ішінде 626 жеңіл автокөлік, 1 278 жүк көлігі және 10 автобус бар. Бұл шаралар күрделі жол учаскелерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар облыс аумағындағы автожолдар бойында 127 жылыту пункті орналастырылған. Аталған пункттер қолайсыз ауа райына тап болған жүргізушілер мен жолаушылардың уақытша паналап, жылынып, қажетті көмек алуына жағдай жасайды. Жылыту пункттері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылып, тәулік бойы жұмыс істеуге дайын.

Полиция қысқы кезеңде жолға шығатын барлық азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, ауа райы болжамын алдын ала ескеруге және алыс сапарға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексеруге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру