Атырауда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті
Атырауда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, - дп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңес отырысында қазіргі таңда жастардың әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануы есірткі қылмыстарының жаңа қауіптерін туындатып отырғаны ерекше атап өтілді. Интернет-ресурстар мен мессенджерлер арқылы жастарды жылдам әрі оңай табыс табуға қызықтырып, есірткі тасымалдау ісіне тарту фактілері кездесуде. Осыған байланысты профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, әсіресе цифрлық кеңістікте, жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығы талқыланды.

- Есірткі қылмысына қарсы күрес – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Қазіргі жағдайда қоғам болып бірлесіп әрекет етпейінше, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әсіресе жастарды қорғау, олардың заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеу – баршамызға ортақ міндет, — деді кеңес төрағасының екінші орынбасары Нұрлыбек Даралиев.
Айта кетейік, биыл кеңес мүшелері тарапынан 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылған. Кезекті отырыс барысында кеңестің атқарған жұмысына талдау жасалып, жаңа мүшелер қабылданды. Кеңес төрағасының екінші орынбасары оларды таныстырып, арнайы куәліктерін табыс етті.
Жиын соңында аймақта есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған жаңа бастамалар мен жастарға арналған ақпараттық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
