Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығында ашық есік күні ұйымдастырылды
Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығында "Қоғамдық қауіпсіздік пен ашықтық" тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік желі блогерлері мен белсенді жастар қатысты.

Ашық есік күнінің негізгі мақсаты – "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру, жастар мен тұрғындар арасында полиция қызметінің ашықтығы мен объективтілігін нығайту, құқық қорғау органдарының қызметі туралы түсінікті кеңейту, сондай-ақ жастардың құқықтық мәдениеті мен саналы азаматтық ұстанымын қалыптастыру.
Іс-шара барысында қатысушылар жедел басқару орталығының қызмет ерекшеліктерімен, материалдық-техникалық базасымен және заманауи бейнебақылау жүйесінің жұмысымен танысты.

Сонымен қатар ашық есік күні аясында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров студент жастармен кездесу өткізді. Кездесу барысында ол полиция қызметінің негізгі бағыттары, құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелер және жастардың қоғамдағы рөлі жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Студенттер тарапынан полиция қызметіне қабылдану талаптары, қызмет барысындағы жауапкершілік, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар арасындағы қылмыстың профилактикасы тақырыптарында түрлі сұрақтар қойылды. Оралбек Омаров қойылған сауалдарға нақты әрі жан-жақты жауап беріп, жастарды заң талаптарын сақтауға және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға шақырды.
Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер үшін мазмұнды әрі пайдалы болды.
