"Таза Қазақстан": Алматыда жыл басынан бері 35 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Алматыда жыл басынан бері 35 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру және мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Алматыда полиция Республикалық "Таза Қазақстан" бағдарламасы шеңберінде жүйелі жүргізіп келеді.
Полиция қызметкерлері күн сайын абаттандыру қағидаларын, санитарлық нормаларды бұзу және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау деректерінің алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізуде. Жыл басынан бері 35 мыңнан астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
— "Таза Қазақстан" бағдарламасы бір реттік науқан емес, күнделікті әрі жүйелі жүргізілетін жұмыс. Басты мақсатымыз — құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту емес, азаматтардың қоршаған ортаға және қалалық кеңістікке деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Қаланың тазалығы мен тәртібі әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігінен басталады", — деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Қысқы кезеңде полиция қызметкерлері аудандық әкімдіктердің өкілдерімен, экологиялық қызметтермен және жұртшылықпен бірлесіп, заңды және жеке тұлғаларға іргелес аумақтарды қардан, мұздан және сүңгілерден уақытылы тазалау мәселесі бойынша күн сайын түсіндіру және бақылау жұмыстарын жүргізуде.
"Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы полиция бөлімшелерінің жұмысы жалғасуда және Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында. Полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарын абаттандыру талаптарын сақтауға, мегаполисте тазалық пен тәртіпті бірге қамтамасыз етуге шақырады.
