Ақмола облысында полиция жолда қалған шетел азаматтарына көмек көрсетті
Ақмола облысында полиция жолда қалған шетел азаматтарына көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 желтоқсан күні патрульдік полиция қызметкерлері үшін де, әсіресе жүк көліктерін басқарған жүргізушілер үшін де оңай болған жоқ. Осы күні полиция қызметкерлері қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында автожолды патрульдеуді жүзеге асырды.
Сағат шамамен 09:20-да Екатеринбург - Алматы автожолының 988-шақырымында патрульдік экипаждың назары жол жиегінде техникалық ақаумен тұрған жүк көлігіне түсті.
Ақмола облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы
Әділбек Утегенов жағдайды жедел анықтады. Жүргізуші мен жолаушының Әзербайжан Республикасының азаматтары екені белгілі болды. Қарым-қатынастағы қиындықтарға қарамастан, полиция қызметкері ақаудың себебін анықтай алды.
Көліктің тоқтауына ауа беру шлангының зақымдануы, сондай-ақ негізгі радиатордың істен шығуы себеп болған. Мұндай жағдайда қозғалысты жалғастыру мүмкін емес.
Полицейлер көмек көрсету мақсатында қажетті қосалқы бөлшектерді іздеу үшін Атбасар қаласына бару туралы шешім қабылданды. Алайда демалыс күні болғандықтан, автокөлік бөлшектерін сататын дүкендердің басым бөлігі жабық болып, іздеу жұмыстары шамамен екі сағатқа созылды. Нәтижесінде полицейлер дүкендердің бірінің иесімен келісімге келіп, қажетті бөлшектерді сатып алды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілердің жанында болып, қолдау көрсетіп, қажетті көмекті толық көлемде қамтамасыз етті. Шетелдік жүргізушілер полиция қызметкерлеріне бейжай қарамай, қиын жол жағдайында көмек көрсеткендері үшін шынайы алғыстарын білдірді.
"Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлерінің тек жолдардағы тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, қиын жағдайға тап болған әрбір адамға әрдайым көмек көрсетуге дайын.
