Ақмола облысында ауыл тұрғынының малын ұрлаған күдікті қолға түсті
Ақмола облысында ауыл тұрғынының малын ұрлаған күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы Ерейментау ауданының бір ауылында 24 құлын белгісіз тұлғалар тарапынан ұрланды. Өтініш берушінің айтуынша, мал жайылымда болғандықтан, олардың жоғалғанын бірнеше күннен кейін ғана байқаған.
Құлындардың жоғалғанын түсінген ауыл тұрғыны дереу полицияға хабарлады. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс тіркеп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Ықтимал куәгерлерден жауап алынып, жақын маңдағы жайылымдар, фермерлік қожалықтар мен малды өткізу орындары тексерілді, сондай-ақ ет сатып алушының жеке басы анықталды.
Іздестіру барысында 49 жастағы күдікті ұсталып, тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып, күдіктінің басқа ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Ұрланған малдың бір бөлігі табылып, заңды иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға малын мұқият бақылауда ұстауды және жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарлауды ескертеді.
