Жетісу облысында мектеп оқушылары полицияның қызметімен танысты
Жетісу облысында мектеп оқушылары полицияның қызметімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
№28 мектептің оқушылары Жетісу облысы полиция департаментіне экскурсия жасап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмысымен жақыннан танысты. Танымдық сапар жедел басқару орталығынан басталып, мұнда оқушыларға хабарламалардың нақты уақыт режимінде қабылдануы, жедел жағдайлардың талдануы және полиция жасақтарының үйлесімді жұмысы таныстырылды.
Келесі кезекте оқушылар әр жылдардағы қызметтік қару-жарақ үлгілері қойылған музейді, сондай-ақ Жетісу өңірінің аңызға айналған тұлғасы — милиция генерал-майоры Әбдіқәдір Болсамбеков атындағы полиция музейін аралады. Экспозициялар арқылы олар өңірдегі ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен, алғашқы милиционерлердің, майдангерлердің және қазіргі заман қаһармандарының өмір жолымен танысты.
Музей бойынша экскурсияны генералдың рухани мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізіп жүрген қызы Мадина Болсамбекова жүргізді.
Оқушылардың пікірінше, бұл сапар полиция мамандығының маңызын терең түсінуге, ұрпақтар сабақтастығын сезінуге және туған ел тарихына деген құрметті арттыруға зор ықпал етті.
