Мәжіліс депутаты Алматыдағы кәмелетке толмағандарға арналған жаңа мекемені аралады
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Түрксіб ауданында орналасқан кәмелетке толмағандарға арналған жаңа тәрбиелік мекемеге барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Депутат бұл мекемені "Аманат" партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуровпен бірге аралады
Аталған мекеме — Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынған балалар колониясы. Жобаға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбеген, ал ғимарат халықаралық талаптарға сай жабдықталған.
Мұнда жасөспірімдер тек жазасын өтеп қана қоймай, білім алып, мамандық меңгере алады. Сонымен қатар психологтар мен тәрбиешілер олармен тұрақты түрде жұмыс істеп, қоғамға қайта бейімделуіне көмектеседі.
Сапар барысында депутат мекеменің жағдайымен, оқу сыныптарымен және өндірістік аймақтарымен танысты. Сергей Пономарев мұндай заманауи мекемелер жасөспірімдердің дұрыс жолға түсуіне және болашақта қылмысқа қайта бармауына көмектесетінін атап өтті.
