ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Қызылорда облысына барды
ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар аясында комитет төрағасы Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жеке құрамымен кездесу өткізді. Жиын барысында өңірдегі жедел жағдай, қызмет нәтижелері, сондай-ақ күшейтілген бақылау мен жүйелі тәсілді талап ететін мәселелер тыңдалды.
Сонымен қатар осы жылға арналған басым міндеттер мен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған төмендегі бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берілді:
– есірткі арналарының жолын кесу;
– синтетикалық есірткілер мен интернет арқылы таратуға қарсы жұмысты күшейту;
– жедел-іздестіру іс-шараларының тиімділігін арттыру;
– профилактикалық шараларды және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру.
Кездесу барысында қатаң тәртіпті сақтаудың, әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігінің және нәтижеге бағытталған жұмыстың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күресте талдамалық жұмысты күшейту, заманауи әдістер мен цифрлық технологияларды енгізу, қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыру қажеттігіне назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша өңірде құқықтық тәртіпті нығайтуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырма берілді.
