ШҚО ПД қызметкері халықаралық бокс турнирінің жеңімпазы атанды
ШҚО ПД қызметкері халықаралық бокс турнирінің жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласындағы "Жекпе-жек" сарайында STEPPE BOXING 1 атты кәсіпқой бокс кеші жоғары деңгейде өтті. Халықаралық турнирге әлемнің сегіз елінен келген 28 спортшы қатысып, түрлі салмақ дәрежелерінде өткен алты жекпе-жекте көрермендер тартысты бәсекеге, жойқын соққылар мен рингтегі шиеленісті сәттерге куә болды.
Аталған жарысқа Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкері жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың сарбазы Нығметолла Молдашев та қатысты. Ол өз жекпе-жегінде Орал қаласының боксшысы Қайсар Нұрымбетовпен кездесіп, жоғары жылдамдықты, соққы дәлдігін және нағыз спортшыға тән мінезді паш ете отырып, сенімді жеңіске қол жеткізді.
Нығметолла Молдашев - бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Оның спорттық жетістіктері қатарында 2014 және 2016 жылдардағы Қазақстан чемпионаттарының алтын медальдары, сондай-ақ Сербия, Болгария және Ресейде өткен халықаралық турнирлердегі жүлделі орындар бар.
Ол 2024 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ құрамында ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Халықаралық турнирдегі бұл жеңіс Шығыс Қазақстан полицейлерінің кәсіби және спорттық даярлық деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.
