Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында педагогтерге арналған киберқауіпсіздік сабағы өтті

Абай облысында педагогтердің цифрлық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Pollisia.kz.

Атап айтқанда Абай облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы қызмет басқармасының қызметкерлері №52 жалпы білім беретін мектептің педагогикалық ұжымына арналған интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша қауіпсіздік сабағын өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мұғалімдердің интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы құқықтық сауаттылығын арттыру, киберқылмыстың заманауи түрлері жөнінде жан-жақты мәлімет беру, сондай-ақ білім беру үдерісінде жеке және қызметтік деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын түсіндіру болды.

Сабақ барысында мамандар интернет-алаяқтардың жиі қолданатын әдіс-тәсілдеріне, соның ішінде жалған сайттар мен фишингтік сілтемелер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар электронды пошта арқылы таралатын күмәнді хабарламалар, жалған қызметтік хаттар және деректерді заңсыз иемдену тәсілдері талқыланды.

Киберқылмысқа қарсы қызмет басқармасының қызметкерлері нақты мысалдар келтіре отырып, күмәнді хабарламаларды ажырату, жеке және қызметтік ақпаратты қорғау, құпиясөздерді қауіпсіз сақтау, сондай-ақ цифрлық платформаларды пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, білім алушылардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлі мен жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері интернеттің білім беру саласындағы маңызын атап өтіп, цифрлық мүмкіндіктермен қатар киберқауіптердің де күшейіп отырғанын айтты. Осыған байланысты өткізілген қауіпсіздік сабағы педагогтердің киберқатерлер туралы хабардарлығын арттырып, алдын алу шараларын тиімді қолдануға бағытталғаны атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру