Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер 400-ден астам автокөлікті қауіпсіз алып жүрді

Соңғы тәулікте Павлодар облысының автожолдарында қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар шектеулер енгізіліп, барлық көлік түрлерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол бойында жиналған көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция бөлімшелері ұйымдастырылды. Көліктерді колоннаға тұрғызу кезінде полицейлер жүргізушілерге колоннамен жүру тәртібін, белгіленген жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтық сақтаудың маңызын түсіндірді.

- Патрульдік полиция қызметкерлері көлік колонналарын қалыптастырып, олардың жол бойымен қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуді жалғастыруда, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.

Жол қызметтері мен ішкі істер органдарының жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында ауа райы мен жол жағдайы күрт нашарлаған кезеңдерде Павлодар облысына қарасты және көршілес өңірлерге бағытталған автожолдарды бір мезгілде жабу туралы шешім қабылданды.

Полиция жүргізушілерді жолға шығар алдында көлікті мұқият дайындауға және барынша сақ болуға шақырады. Атап айтқанда, шиналардың жай-күйін, тежегіш жүйесінің жұмысын, техникалық сұйықтықтардың деңгейін және қажетті қысқы жабдықтардың бар-жоғын алдын ала тексеру ұсынылады. Алдағы күндері өңір аумағында ауа райының қайтадан нашарлауы күтіледі.

Әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілер мен облысаралық трассаларға шығатын азаматтарға ерекше назар аударылады. Жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану және маневр жасау ережелерін қатаң орындау қажет. Сонымен қатар ауа райы туралы ескертулерді бақылап, SMS-хабарламаларға мән беріп, жол қозғалысы шектелген жағдайда сапардан бас тартқан жөн.

Ауылдық елді мекендерде тұратын тұрғындарға аязды немесе боранды күндері алыс қашықтыққа жаяу шықпау ұсынылады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 бірыңғай құтқару қызметіне немесе 102 нөміріне хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру