Ақтөбеде есірткіге қарсы ауқымды медиафорум өтті
Ақтөбеде есірткіге қарсы ауқымды медиафорум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпанда Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің базасында "Нашақорлықсыз болашақ" тақырыбында ауқымды есірткіге қарсы медиафорум ұйымдастырылды. "Заң және тәртіп" қағидаты аясында өткен шараға 700-ден астам жас қатысты.
Мотивациялық әрі профилактикалық бағыттағы форумға өңірлік полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл бөлінісінің мамандары, танымал спортшы, 13 дүркін әлем чемпионы Евгений Гончаров, сондай-ақ есірткі қылмысы үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан ерікті азамат қатысты.
Полиция қызметкерлері өңірдегі есірткі қылмысының ахуалына, оның ішінде жастар арасындағы үлес салмағына тоқталып, нақты деректер мен өмірлік мысалдар арқылы қатысушыларды қоғам дертіне қарсы тұруға шақырды.
Форум барысында әлем чемпионы Евгений Гончаров пен ерікті ретінде шақырылған сотталған азаматтың жеке өмір тәжірибесіне негізделген шынайы әңгімелері жастарға ерекше әсер қалдырды. Әкесінен ерте айырылған спортшы 90-жылдары өмірінде тұрған екі таңдау — теріс жолға түсу немесе спортты таңдау жайында ой бөлісті. Ол спорттың өміріндегі орны, ата-ана алдындағы парыз бен қарыз, махаббат пен жауапкершілік туралы тұжырымдарын ортаға салды.
– Өздеріңе келгенде менменшіл болыңдар. Денсаулықтарыңды да, болашақтарыңды да құртуға ешқашан жол бермеңдер, – деп түйіндеді сөзін әлем чемпионы.
Ал жастарға ой салу мақсатында ерікті ретінде сөз алған сотталған азамат мектепті үздік бітіргенін, ата-анасының үлкен үміт артқан перзенті болғанын айтты. Алайда «үш күнде 300 мың теңге табасың» деген есірткі тасымалдау туралы ұсынысқа қызығып, ақыры темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққанын өкінішпен жеткізді.
– Ол жақ — оңай емес. Ең соңында біз тек ата-анамызға ғана керек болып қаламыз. Менің қателігімді қайталамаңдар, – деді ол.
Шара барысында студенттерге полицейлердің қызметтік иттер арқылы есірткі іздеу көріністері көрсетіліп, тақырыпқа қатысты арнайы бейнероликтер ұсынылды.
