Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада ПИК және МИБ өкілдері қысқы абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды

Астанада ПИК және МИБ өкілдері қысқы абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында қысқы кезеңде аумақтарды абаттандыру қағидаларының сақталуына бақылау күшейтілді. Жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитарлық тазалықты сақтау, сондай-ақ көшелер мен тұрғын алаптарда көктайғақ пен қар үйінділерінің алдын алу мақсатында полиция органдары тарапынан жүйелі түрде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Жыл басынан және қысқы маусым басталғалы бері Астана қаласы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы тарапынан аулаішілік аумақтарды қардан, мұздан және қоқыстан уақытылы әрі сапалы тазаламау, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды белгіленген мерзімде шығармау деректері бойынша бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Аталған құқық бұзушылықтар үшін пәтерлі иелері кооперативтер мен мүлік иелері бірлестіктері, сондай-ақ басқарушы және мердігер ұйымдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атап айтқанда абаттандыру қағидаларының талаптарын бұзғаны үшін 45 басқарушы ұйым және 48 мердігер ұйымға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Олардың қатарында тұрғын үй аулаларын қар мен мұздан тазаламау, жаяу жүргіншілер жолдарының көктайғаққа қарсы өңделмеуі, қоқыстың уақытылы шығарылмауы секілді деректер тіркелген.

Полиция департаменті ПИК және МИБ басшыларына қысқы кезеңде өздеріне бекітілген аумақтардың қауіпсіздігі мен тазалығына жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертеді. Аталған талаптардың орындалмауы тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Құқық қорғау органдары қыс мезгілінде абаттандыру қағидаларының сақталуына бақылау алдағы уақытта да жалғасатынын, ал анықталған заң бұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатынын хабарлайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру