Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты мекемеге тыйым салынған заттарды алып кіру әрекетінің жолы кесілді
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты мекемеге тыйым салынған заттарды алып кіру әрекетінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрақты түрде жүргізіліп жатқан түсіндіру және ескерту жұмыстарына қарамастан, сотталғандардың кейбір туыстары негізсіз тәуекелге баруын тоқтатпай отыр. №45 мекемесінде ұзақ мерзімді кездесу алдында тексеру кезінде тыйым салынған затты мекеме аумағына алып өту әрекетінің жолы кесілді.
Күні кеше №45 мекемесіне сотталғанмен кездесу үшін оның анасы келген. Кездесу басталар алдында белгіленген тәртіпке сәйкес колония қызметкерлері жеке тінту және алып жүрген заттарды тексеру рәсімін жүргізді.
Тексеру барысында заманауи рентгенотелевизиялық қондырғының (РТҚ) көмегімен жасырылған зат анықталды. Толық тексеру нәтижесінде Phone Pro Max телефоны және SIM-карта табылып, тәркіленді.
Құқық бұзушылықтың жолын кесу №45 мекемесінің жедел және режим бөлімдері қызметкерлері мен Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің бірлескен, үйлесімді жұмысының нәтижесінде мүмкін болды.
Мекеме әкімшілігінің айтуынша, режимдік аймаққа кірер алдында әрбір келушіге мекемеде болу қағидалары жан-жақты түсіндіріліп, тыйым салынған заттардың тізімі ескертіледі. Сондай-ақ келушілер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы жазбаша түрде хабардар етіледі. Алайда кейбір жағдайларда жақындарын байланыс құралдарымен қамтамасыз ету ниеті заң талаптарын елемеуге әкеліп жатады.
Аталған дерек бойынша тиісті материалдар рәсімделді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес:
-
кездесу дереу тоқтатылды;
-
сотталғанның анасына қатысты әкімшілік материалдар сотқа жолдау үшін жинақталды;
-
бұл жағдай сотталғанның мінездемесіне кері әсер етіп, болашақта көтермелеу алу мүмкіндігін шектейді.
Естеріңізге саламыз: тыйым салынған гаджеттерді жасырын алып өту әрекеті жақындарыңызға көмектеспейді. Керісінше, қосымша құқықтық мәселелер туындатып, заңды түрде кездесуден айырылуға себеп болады.
