Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Екібастұз қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Ербол Сембаевтың есімімен "Жас сақшы" сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Павлодар облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыржан Шақарғалиев, қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева, полиция қызметкерлері, ардагерлер, мектептің педагогикалық ұжымы мен оқушылар қатысты.

Салтанатты жиында қатысушылар батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, оның өмір жолы мен ел игілігі жолындағы қызметі туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті. LED-экранда Ербол Сембаевтың өмірінен сыр шертетін фотосуреттер көрсетілді.

Қайыржан Шақарғалиев құттықтау сөзінде ішкі істер органдарындағы қызметтің батылдықты, жоғары жауапкершілікті және Отанға деген адалдықты талап ететінін атап өтті. Ол Ербол Сембаевтың ерлігі – кәсібилік пен қызметтік парызға беріктіктің жарқын үлгісі екенін айтып, "Жас сақшы" сыныбының оқушылары болашақта құқық қорғау саласының абыройлы өкілдері болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ сөз кезегі Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Бақберді Абраевқа, оның орынбасары Азат Сейлхановқа, ардагерлер кеңесінің төрайымы Бибігүл Исаеваға және  Ерғанат Дюсекеновке берілді.

Өз сөздерінде олар ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтіп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, антқа адал болу және құқық қорғау қызметіне құрметпен қарау қажеттігін айтты. Ардагерлер қызмет барысындағы жеке тәжірибелерімен бөлісіп, полиция қызметкерлерінің батылдығы мен төзімділігінің жарқын мысалдарын келтірді.

Шара барысында Ербол Сембаевтың отбасына сөз берілді. Сахнада шығармашылық нөмірлер қойылып, ардагерлер жастарға "Ардагер" журналын табыстады. Оқушылар салтанатты түрде ант қабылдап, арнайы куәліктерге ие болды. Қатысушылар естелік суретке түсіп, ізгі тілектерін білдіріп, шағын сыйлықтар тапсырды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының "Халық қаһармандары" мен бейбіт күннің батырларына арналған фотобұрыш таныстырылды.

Бұдан бөлек, салтанатты рәсім аясында оқу орны мен құқық қорғау органдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға, оқушылармен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуге және болашақ құқық қорғаушыларды даярлау бағытындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.

Ербол Сембаев атындағы "Жас сақшы" сыныбы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, туған жерге деген құрметті арттырары сөзсіз. Мұнда алған білім мен тәрбие ел болашағына бейжай қарамайтын, тәртіпті әрі жауапты азаматтарды тәрбиелеуге негіз болады.

– Сіздер – тәуелсіз еліміздің жарқын болашағысыздар. Әрдайым білімге ұмтылып, Отанды сүйіп, оның дамуына үлес қосады деп сенемін, – деді қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру