Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының автожолдарында полицейлер 200-ден астам автокөлікті сүйемелдеді

Павлодар облысының автожолдарында полицейлер 200-ден астам автокөлікті сүйемелдеді - деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы тәулікте Павлодар облысының автожолдарында ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар шектеулер енгізіліп, көліктің барлық түрлерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Бүгін таңертең Екібастұз – Павлодар бағытында жиналған көліктерді қолдау мақсатында патрульдік полиция бөлімшелері сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастырды. Көліктер колоннаға тұрғызылған кезде тәртіп сақшылары жүргізушілерге колонна құрамында жүру ережелерін, белгіленген жылдамдық режимін сақтау және қауіпсіз арақашықтықты ұстанудың маңызын түсіндірді.

Павлодар облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаевтың мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері колонналарды жасақтап, олардың жол бойындағы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуді жалғастыруда.

Жол қызметтері мен ішкі істер органдарының жедел өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында ауа райы мен жол жағдайы күрделенген жағдайда Павлодар облысына қарасты және көршілес өңірлерге шығатын автожолдарды бір мезгілде жабу туралы шешім қабылданды.

Полиция жүргізушілерді барынша мұқият болуға және көлікті алдын ала дайындауға шақырады. Атап айтқанда, шиналардың жай-күйін, тежегіш жүйесін, техникалық сұйықтықтардың деңгейін тексеріп, қажетті қысқы жабдықтардың болуын қамтамасыз ету қажет. Алдағы күндері облыс аумағында ауа райының қайтадан нашарлауы болжанып отыр.

Әсіресе жолаушылар тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне және облысаралық бағыттарға шығатын азаматтарға ерекше назар аудару ұсынылады: жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану және маневр жасау талаптарын бұзбау маңызды. Сондай-ақ ауа райы болжамын бақылап, SMS-хабарламаларды назарда ұстап, жол жабылған жағдайда сапардан бас тартқан жөн.

Ауылдық елді мекендерде тұратын тұрғындарға қатты аяз немесе боран кезінде алыс қашықтыққа жаяу жүрмеу ұсынылады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 бірыңғай құтқару қызметіне немесе 102 нөміріне хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру