Атырауда жол сақшылары дрон арқылы жол қауіпсіздігін қадағалауда
Атырауда жол сақшылары дрон арқылы жол қауіпсіздігін қадағалауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаменті жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында заманауи технологияларды жүйелі түрде қолдануды жалғастыруда. Солардың бірі – жол қозғалысын дрон арқылы әуеден бақылау.
Қазіргі уақытта патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қала сыртындағы республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда әуеден мониторинг жүргізуде. Бұл тәсіл жолдағы ахуалды кең ауқымда көріп, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері әуеден бақылау нәтижесінде 20-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
– Әуеден бақылау жүргізу жолдағы жалпы жағдайды тиімді қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, оның алдын алуға да оң әсерін тигізеді. Жүргізушілердің тәртібін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі күшейтеміз, – деді патрульдік полиция ротасының штаб аға инспекторы Мейрамбек Асылбекұлы.
Мұндай заманауи бақылау тәсілдері жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жол сақшылары барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырады.
