Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір салаға 25 жыл өмірін арнаған қызметкер

Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның әйелдер колониясында отыздан астам әйел қызметкер еңбек етеді. Олар ер азаматтармен қатар қатаң режимді қамтамасыз етіп, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қадағалап, кәсібилік, төзімділік және іске адалдық танытып келеді. Олардың еңбегі — жауапкершілік, тәртіп және адамгершілік мекемедегі сенім мен тұрақтылықтың негізі болатынының айқын дәлелі. Олардың бірі туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Қызметке адалдықтың жарқын үлгісі — әділет майоры, мекеме бастығының кезекші көмекшісі Ардақ Калиева. Ол еңбек жолын 2001 жылы, он тоғыз жасында, арнаулы орта білім алғаннан кейін бастаған. Ардақ Советовна жаңадан ашылған әйелдер колониясына бақылаушы қызметіне қабылданып, сотталған әйелдердің алғашқы легінің келуіне куә болды. Бұл оқиғалар оның кәсіби қалыптасуында ерекше із қалдырды.

2005 жылы Ардақ Калиева отбасын құрып, тұңғышы Әлішерді дүниеге әкелді. Бақылаушы қызметінде он жылдан астам уақыт еңбек етіп, өзін жауапты әрі білікті маман ретінде танытқан ол 2013 жылы режим бөлімінің аға инженер-технигі қызметіне тағайындалды. Ал 2017 жылы Ардақ Советовна мекеме бастығының кезекші көмекшісі лауазымына ауыстырылып, осы қызметті бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келеді. Ол жоғары кәсібилік пен көшбасшылық қасиеттерін айқын көрсетуде.

Ардақтың бір мекемедегі 25 жылдық мінсіз қызмет тәжірибесі бар. Осы уақыт ішінде ол тәртіпті нығайтуға, мекеме жұмысын ұйымдастыруға және құқықтық тәртіпті сақтауға елеулі үлес қосты. Әріптестері оның кәсібилігін, ұқыптылығын және адамдармен тіл табыса білетін қабілетін ерекше атап өтеді.

Ардақ Калиева үшін ең үлкен мақтаныш — оның отбасы. Үлкен ұлы университетте білім алуда, екінші қызы — 11-сыныпта, ал кенжесі — 1-сыныпта оқиды. Қызметтік жүктеменің жоғары болуына қарамастан, ол жұмыс пен отбасылық өмірді үйлестіріп, тек қызметте ғана емес, үйде де жауапкершілік пен адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді.

— Қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызмет — жай ғана жұмыс емес, бұл — өмір салты. 25 жыл ішінде таңдаған жолыма бір сәт те өкінген емеспін. Бұл салада тәртіп, әділдік және адамгершілік аса маңызды. Ең бастысы — өзіңе, әріптестеріңе және отбасыңа адал болу, — дейді Ардақ Калиева.

Әділет майоры Ардақ Калиеваның өмір жолы — мамандыққа деген адалдық пен қайсар мінездің ғана емес, заң мен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің символы. Ол әріптестеріне және жас буын әйел қызметкерлерге шабыт беріп, бұл мамандықтың тек білім мен тәжірибені ғана емес, жүректің жылуын да талап ететінін дәлелдеп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру