Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заң мен тәртіпке адал қызметтің үлгісі болған полицей

Өмірде кейбір мамандықтар болады - олар жай ғана таңдалмайды, адам болмысымен біте қайнасып, тағдырмен астасып жатады. Полиция полковнигі Маншук Абубакированың өмір жолы - соның айқын дәлелі. Бұл - бала қиялынан бастау алып, өмірлік мұратқа ұласқан арманның шынайы тарихы. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Маншук Абубакированың ішкі істер органдарындағы қызметі 1995 жылдан басталады. Содан бері ол отыз жылға жуық уақыт бойы бір салада табандылықпен еңбек етіп, адалдық пен кәсіби жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесінде мол тәжірибесі мен беделі қалыптасқан білікті маман ретінде танылған.

Полиция қызметкері болу - оның бала күннен бергі арманы. Бұл арман кездейсоқ пайда болған жоқ. Ол отбасындағы тәрбие мен өнегенің нәтижесі еді. Әкесі ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Болашақ офицер әкесінің заңға деген құрметін, қызметке адалдығын, тәртіпке деген талапшылдығын көріп өсті. Тіпті бір жарым жасында әкесінің жанында жүріп, алғашқы қадамдарын жасауы - бұл жолдың оның тағдырына ерте жазылғанын аңғартқандай.

Сол сәттерден бастап-ақ оның жүрегінде елге, қоғамға, заң мен тәртіпке қызмет етуге деген ұмтылыс орнықты. Уақыт өте келе бала арманы бекіп, айқын мақсатқа айналды.

Бүгінде Маншук Абубакирова - мінезі берік, талапшыл әрі өз ісіне адал кәсіби маман. Әйел азамат үшін оңай емес салада ол батылдығымен, төзімділігімен және принципшілдігімен танылды. Қызметтің ауыр жүгін қайсарлықпен көтеріп, кез келген қиындықты абыроймен еңсере білді. Сонымен бірге жүрегіндегі мейірім мен адамгершілікті жоғалтпай, әріптестері мен азаматтардың құрметіне бөленіп келеді.

Ол үшін қызмет - жай ғана жұмыс емес. Бұл - өмір салты, күнделікті жауапкершілік, антқа адалдық.

Бұл жолда отбасылық сабақтастықтың да орны ерекше. Маншук Абубакированың ағасы ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет етіп, бүгінде зейнет демалысында. Ал оның ұлы әке жолын жалғап, қазіргі таңда полиция қатарында еңбек етуде. Осылайша, заң мен тәртіпке қызмет ету бұл әулет үшін өмірлік ұстанымға айналған.

Маншук Абубакированың тағдыр жолы - погон таққан әйелдің ғана емес, бала арманын ақиқатқа айналдыра білген тұлғаның тарихы. Бұл - адал еңбек пен шынайы сүйіспеншіліктің, жауапкершілік пен принципшілдіктің, елге қызмет етудің шежіресі.

Жылдармен өлшенетін, жүрекпен таңдалған жол - оның өмірлік ұстанымы болып қала бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру