Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғындар тыныштығын күзеткен полицей

Қоғамдық тәртіптің сақталуы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Осы жауапты міндетті адал атқарып, өз кәсібін үлкен мақтаныш санайтын жандардың бірі – полиция қызметкері Асланбек Хасанов туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

1985 жылдың 23 ақпанында дүниеге келген Асланбек Боранбайұлы Батыс Қазақстан облысында заңгер мамандығы бойынша білім алған. Бала күнгі арманын жүзеге асырып, ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып келеді. Оның еңбек жолы 2011 жылдың наурыз айында басталған. Қазіргі таңда ол туған жері – Индербор кентінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуде.

– Мен қызмет ететін аумақта 1600-ден астам тұрғын, шамамен 340 үй бар. Әр шаңырақтың жағдайынан хабардар болу – біздің басты міндетіміз. Өйткені учаскелік полиция инспекторының күнделікті жұмысы халықпен тығыз қарым-қатынастан басталады. Қоғамдық тәртіпті бақылау, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрғындарға заң аясында кеңес беру – біздің негізгі міндетіміз. Әрдайым өз қызметімді адал атқарып, тапсырмаларды уақытында орындауды, жұмысқа кешікпеуді басты қағида санаймын, – дейді ол.

Полиция қызметкерінің айтуынша, қызмет барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Солардың кейбірі адам жадында ұзақ сақталып қалады.

– Бірнеше жыл бұрын кешкі уақытта төтенше жағдай орын алды. Жаңа салынып жатқан көпқабатты үйдің жанында ойнап жүрген 5-6 жасар қыз бала абайсызда ашық тұрған құдыққа түсіп кетеді. Құдықтағы су деңгейі тізеден келгенімен, кішкентай бала үшін бұл үлкен қауіп еді. Сол сәтте дереу әрекет етіп, бүлдіршінді аман-есен алып шықтым, – деп еске алады Асланбек.

Осы батыл әрекеті үшін Асланбек Боранбайұлы Атырау облысы полиция департаменті бастығының арнайы марапатына ие болған.

Бүгінде ол халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Асланбек Хасановтың қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәжірибесі мен батылдығы – полиция қызметіне деген адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру