Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда тыныштықты бұзған мыңнан астам тұрғын жауапқа тартылды

Павлодарда тыныштықты бұзған мыңнан астам тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жауапкершілікке тартылғандардың басым бөлігі – түнгі уақытта көңілді отырыстар ұйымдастыратын немесе қатты дауыс көтеріп, жанжал шығаратын көршілер.

Мәселен, түнгі сағат 03:56-да Луначарский көшесінің тұрғындары қатты ұрыс-керістен оянған. Төменгі қабаттағы мазасыз көршілер күн сайын дерлік сөзге келіп, тыныштықты бұзған. Ұйқысыздықтан зардап шеккен жас жігіт бірнеше рет көршілерінен тыныштық сақтауды сұраған. Алайда мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаған соң полицияға жүгінуге мәжбүр болған.

Тағы бір жағдайда, түнгі сағат 03:38-де Ломов көшесінің тұрғыны қатты музыкадан мезі болып, полициядан көмек сұраған.

– Төменгі қабаттағы көршім дәл түнде музыканы барынша қатты қосады. Бұл жағдай жиі қайталанады, тіпті жұмыс күндері де солай етеді. Таңертең бәріміздің жұмысқа баруымыз керек. Сөйлесуге тырысқанда үнемі жанжал туындайды, – дейді қала тұрғыны.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылар заң аясында жауапқа тартылатынын еске салып, барша азаматты Заң мен тәртіпті сақтауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру