Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында автокөлік ұрлығы бейнебақылау камерасының көмегімен ашылды

Астана – Петропавл тасжолында автокөлік ұрлығы бейнебақылау арқылы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысының Бурабай ауданында орын алған автокөлік ұрлығы жедел түрде ашылып, күдікті ізін суытпай ұсталды. Қылмыс 27 наурызға қараған түні Астана – Петропавл тасжолы бойындағы дәмханалардың бірінің автотұрағында болған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, көлік иесі автокөлігінің жоғалғанын байқап, бірден полицияға хабарлаған. Өтініш түскеннен кейін жедел қызметкерлер оқиғаның мән-жайын анықтауға дереу кірісті.

Полиция қызметкерлері ұрланған көлікке бағдар беріп, жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін ұйымдастырды. Қылмысты ашуда оқиға орнында орнатылған бейнебақылау камералары шешуші рөл атқарды.

Бейнежазбалар арқылы күдіктінің әрекеттері мен ұрланған көліктің қозғалыс бағыты анықталды. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері қысқа уақыт ішінде күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Белгілі болғандай, ол Ақмола облысының 21 жастағы тұрғыны. Алдын ала деректерге сәйкес, қылмыс жасау кезінде ол мас күйде болған. Күдікті өз әрекетін "көлікпен жүріп қайту ниетімен" түсіндірген.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап, ұсталған азаматтың басқа да құқық бұзушылықтарға қатыстылығын тексеріп жатыр.

Полиция азаматтарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді: көлікті қараусыз қалдырмау, міндетті түрде құлыптау және мүмкіндігінше қосымша қорғаныс жүйелерін пайдалану қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру