Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында велосипед ұрлығының алдын алу шаралары күшейтілді

Абай облысында жылы мезгілдің басталуына байланысты велосипед ұрлығының алдын алу шаралары күшейтілуде. Полицейлер тұрғындарды сақтыққа шақырып, мүлікті қорғау жолдарын түсіндіруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жылы күндердің басталуымен бірге велосипедті күнделікті қатынас құралы әрі белсенді демалыс түрі ретінде пайдаланатын азаматтар саны артып келеді. Осыған байланысты Абай облысында полицейлер велосипед ұрлығының алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды күшейтуде.

Семей қаласы полиция басқармасы тұрғындарға жеке мүліктің сақталуына бейжай қарамаудың маңызын ескертеді. Тәжірибе көрсеткендей, велосипед ұрлығы көбіне тұрғын үйлердің аулаларында, кіреберістерде, білім беру ұйымдарының маңында, дүкендер жанында және адамдар көп шоғырланатын орындарда орын алады. Көп жағдайда мұндай құқық бұзушылықтар велосипедтің қараусыз қалдырылуы немесе тиісті қорғаныс құралдарының пайдаланылмауы салдарынан жасалады.

Осыған байланысты полиция азаматтарға велосипедтерін көшеде, подъезде немесе тұрғын үй аулаларында ұзақ уақыт қараусыз қалдырмауға, міндетті түрде сенімді құлыптау құрылғыларын қолдануға, мүмкіндігінше жарықтандырылған әрі бейнебақылау камералары орнатылған орындарға қоюға кеңес береді. Сонымен қатар велосипедтің маркасын, түсін, ерекше белгілерін және фотосуретін сақтап қою оны іздестіру барысында маңызды рөл атқарады.

Құқық бұзушылықтың алдын алу — тек полицияның ғана емес, әр азаматтың жеке жауапкершілігін талап ететін ортақ міндет. Осы ретте Абай облысында полицейлер тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға, қырағылық танытуға және күмәнді жағдайлар байқалған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру