Павлодар облысында полицейлер ІІО ардагерін мерейтойымен құттықтады
Павлодар облысында полицейлер ІІО ардагерін мерейтойымен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Май ауданы полиция бөлімінде ішкі істер органдарының ардагері Съезд Сейлхановты мерейтойымен құттықтау шарасы өтті. Жиынға ардагерлер мен полиция қызметкерлері қатысты.
Бөлім бастығы Ренат Сартов мерейтой иесінің Отанға адал қызмет етудің, жоғары жауапкершілік пен өз ісіне берілгендіктің жарқын үлгісі екенін атап өтіп, оған ұзақ ғұмыр, таусылмас қуат және отбасылық амандық тіледі.
– Біз үшін әрбір ардагердің еңбегі қашанда қымбат. Сіздердің құқық қорғау жүйесінің дамуына қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Өмірлік тәжірибелеріңіз – кәсібилік пен қызметтік борышқа адалдықтың үлгісі, – деді Павлодар облысы ПД ІІО және Ұлттық гвардия ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев.
Ол мерейтой иесіне департамент басшысының атынан алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
Майор Сейлхановтың өмір жолы – мамандыққа деген адалдықтың айқын көрінісі. Қызметін ведомстводан тыс күзет милиционері ретінде бастап, кейін учаскелік инспектор, жедел уәкіл қызметтерін атқарған. 2010 жылдың желтоқсан айында құрметті демалысқа шықты. Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін Съезд Ілиясович түрлі төсбелгілермен, құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Ардагер өз жетістіктерін әрдайым отбасымен байланыстырады. Жұбайы Айгүл екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірген, бүгінде екі немеренің қуанышына бөленіп отыр. Ұлы Мирас әке жолын жалғастырып, қазіргі таңда ІІМ оқу орталығында білім алуда.
Құрметті демалыста болса да, Сейлханов ауыл мектебінде еңбек етіп, жас полицейлермен тәжірибесін бөлісуді жалғастырып келеді. 2026 жылдың қаңтар айында ол Май ауданы ІІО бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы болып сайланды.
– Біз тәртіп, қауіпсіздік пен әділеттілік үшін қызмет еттік. Жас буын әрдайым форма үлкен жауапкершілікті білдіретінін ұмытпауы керек. Кәсібилік тәртіпсіз, адамға құрметсіз және принципшілдіксіз болмайды. Заң мен тәртіп күзетінде берік болып, өздеріңізді үнемі жетілдіріп, қоғамға адал қызмет етіңіздер, – деді Съезд Сейлханов әріптестеріне алғысын білдіріп.
