Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда "Велосипед" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

Екібастұз қаласында "Велосипед" атты жедел-профилактикалық іс-шара басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның аясында полиция қызметкерлері аулалар мен тұрғын үйлердің подъездерін патрульдеп, азаматтардың мүлкін ұрлықтан қорғау жұмыстарын жүргізуде.

Тексеру шаралары тұрғын үйлердің аумағында да, подъездер ішінде де жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат — бөтен мүлікті, әсіресе велосипедтерді ұрлаудың алдын алу және жолын кесу. Полицейлер қараусыз әрі құлыпталмаған, еркін қолжетімді жерде тұрған велосипедтерге ерекше назар аударуда.

Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полициясы бастығының міндетін атқарушы Руслан Сүлейменовтің айтуынша, қараусыз қалған велосипедтердің басым бөлігі балаларға тиесілі. Олар көбіне көліктерін аулада немесе подъезде бақылаусыз қалдырады. Мұндай жағдайларда полиция қызметкерлері иесін анықтау шараларын жүргізеді. Егер иесі бірден табылмаса, велосипедтер полиция басқармасына жеткізіліп, тиісті құжаттар рәсімделгеннен кейін заңды иелеріне қайтарылады. Тек бір түннің ішінде 11 велосипед бөлімшеге жеткізілген.

Ведомство өкілдері тұрғындарға келесі жайттарды ескертеді:

— Қараусыз қалған велосипедтер полиция тарапынан уақытша тәркіленуі мүмкін;

— Бұл шаралар көліктің ұрланып кетуінің алдын алу мақсатында жүзеге асырылады;

— Егер велосипедіңіз орнында болмаса, Екібастұз қаласының полиция басқармасына жүгіну қажет.

Полиция азаматтарға велосипедті подъезде қалдырмауға кеңес береді, себебі дәл осы орындарда ұрлық жиі тіркеледі. Тіпті қысқа уақытқа қалдырған жағдайда да сенімді құлып қолдану қажет. Сонымен қатар ата-аналарға балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мүлікті қараусыз қалдыруға болмайтынын ескерту ұсынылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру