Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол қауіпсіздігі – басты назарда: Шымкентте "Қауіпсіз жол" іс-шарасы өтіп жатыр

Шымкентте жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзуды болдырмау және жолдағы тәртіпті арттыруға бағытталған кешенді профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы жұмыстардың кезекті кезеңі "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтуде.

Іс-шара барысында негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін өрескел заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға бағытталған.

Түнгі патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері тағылған Toyota Camry автокөлігін тоқтатты. Жүргізушіге қатысты хаттама толтырылып, көлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында анықталған автокөліктің жүксалғышын тексеру кезінде тегіс ұңғылы қару мен оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша да материал рәсімделді.

Жүргізуші куәлігі жоқ тұлғаларды анықтауға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, жүргізуші куәлігінен бұрын айырылған азамат басқарған Volkswagen Golf автокөлігі тоқтатылып, құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Іс-шараның алғашқы күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1561 дерегі анықталды. Атап айтқанда: мас күйінде көлік басқарудың 3 жайты; көлік жүргізу құқығынан айырылған тұлғалардың қайта басқаруының екі дерегі; жүргізуші куәлігінсіз басқарудың 18 дерегі; жалған нөмір қолдану дерегі; қарсы бағытқа шығудың 8 жайты; нөмірсіз көлік басқарудың 7 дерегі; бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтудің 10 жайты; рөлде отырып телефон пайдаланудың 117 фактісі және басқа да құқық бұзушылықтар анықталды. Жүргізілген шаралар аясында 72 автокөлік айып тұрағына қойылды.

Шымкент қаласында полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарын күшейтілген режимде жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру