Елордада грэпплингтен ауқымды турнир өтті
Елордада "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын, сондай-ақ 2026-2028 жылдарға арналған есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар мен "Астана – есірткісіз қала!" іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында, қалалық полицияның қолдауымен грэпплингтен ірі спорттық турнир ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарысқа Астана қаласы мен Ақмола облысынан 8 оқу орнының командалары қатысып, іріктеу кезеңдерінен кейін тартысты финалға жолдама алды.
Финалдық кезең "Билайн Аренада" өтіп, шамамен 3 мыңға жуық көрерменді жинады. Ауқымды жастар шарасы спортты, белсенді азаматтық ұстанымды және салауатты өмір салтын насихаттауды ұштастырды.

Турнир бағдарламасы тек спорттық жарыспен шектелмей, заманауи шығармашылық орындаушылардың өнер көрсетуімен толықты. Бұл көрермендердің қызығушылығын арттырып, іс-шараның мазмұнын байыта түсті.
Жалпы турнир жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылар мен көрермендер тарапынан кең қолдауға ие болды. Шара спорттың зиянды әдеттерге тиімді балама екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мұндай бастамалар жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамда оң құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Турнирді Астана грэпплинг қауымдастығы, Грэпплинг федерациясы және Білім, мәдениет және спорт министрлігінің профильдік құрылымдары ұйымдастырды.
