Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция күзет ұйымдарына қауіпсіздік талаптарын еске салды

Алматы қаласы полиция департаментінде күзет қызметін бақылау бөлімінің ұйымдастыруымен күзет ұйымдарының өкілдерімен жұмыс кеңесі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – осал нысандардағы қауіпсіздік шараларын күшейту, терроризмге қарсы қорғанысты қамтамасыз ету және күзет қызметінің сапасын арттыру мәселелері болды. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі басымдыққа ие болатын жалпы білім беру мекемелеріне ерекше назар аударылды.

Кеңес барысында күзетшілердің кәсіби даярлығына қойылатын талаптар, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекет тәртібі, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік құжаттар мен нұсқаулықтарды қатаң сақтау қажеттілігі талқыланды. Сонымен қатар күзет құрылымдарының өкілдеріне анықталған бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік шаралары түсіндірілді.

Атап өтілгендей, білім беру нысандарын күзету тек тиісті даярлықтан өткен, кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет ете алатын білікті мамандар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

- Балалардың қауіпсіздігі — басты басымдық. Мектептерде қызмет атқаратын күзет ұйымдары тек формалды түрде емес, нақты әрі тиімді қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Бұл кәсібилікті, тәртіпті және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қойылған талаптардың кез келген бұзылуы полицияның қатаң бақылауында болады, — деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

Полиция департаменті күзет құрылымдарымен өзара іс-қимыл алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын, ал білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бақылау күшейтілетінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру