Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда 1400-ден астам жол белгісі жаңартылды

Алматыда 1400-ден астам жол белгісі жаңартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері көше-жол желісіне жоспарлы тексеру жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша коммуналдық қызметтерге тиісті нұсқамалар берді.

Тексеру жұмыстары көлік қозғалысы қарқынды учаскелерді, соның ішінде мектептер, балабақшалар, сауда орталықтары мен азаматтар көп шоғырланатын өзге де орындардың маңын қамтыды. Негізгі назар жол белгілерінің жай-күйіне, жол таңбаларының сапасына және жол инфрақұрылымының көріну деңгейіне аударылды.

Тексеру қорытындысы бойынша коммуналдық қызметтерге жол белгілерін жаңарту, жол таңбаларын қалпына келтіру, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың көрінуіне кедергі келтіретін ағаш бұтақтарын қырқу жөнінде тапсырмалар берілді.

Қазіргі уақытта 1 400-ден астам жол белгісі жаңартылып, 20 мың шақырымнан астам жол таңбасы сызылды.

Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев бұл жұмыстардың жоспарлы әрі маусымдық сипатта жүргізілетінін атап өтті:

— Жол қозғалысы қауіпсіздігі қарапайым, бірақ аса маңызды элементтерден — анық жол таңбалары, айқын көрінетін белгілер және жеткілікті көріну аймағынан басталады. Әсіресе бұл білім беру ұйымдары мен адамдар көп шоғырланатын орындар маңында аса өзекті. Біздің міндетіміз — осындай учаскелерді дер кезінде анықтап, оларды нормативтік талаптарға сәйкестендіруді қамтамасыз ету, — деді ол.

Полиция департаментінде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру