Бұйрық емес, сенім: арнайы жасақ командирінің ұстанымы
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жедел әрекет ету арнайы жасағының командирі Самат Жантасов үшін көшбасшылық — тек қызметтік лауазым емес, үлкен жауапкершілік пен адам өміріне тікелей қатысты ұстаным. Ол басшылық етудегі басты қағидасы — бұйрық беру емес, бірге әрекет ету екендігін айтады. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жедел әрекет ету арнайы жасағының командирі Самат Жантасовтың кабинетінде ілулі тұрған плакаттың астарында терең мағына бар. Онда "бұйрық беретін бастық" пен "соңынан ертетін көшбасшы" бейнелері салыстырылған. Бұл бейне 2020 жылдан бері арнайы жасақты басқарып келе жатқан офицердің жұмыс қағидасын айқындайды.

— Бұл өзіме үнемі еске салу: командир сыртта қалмауы тиіс. Бастық "барыңдар" дейді, ал көшбасшы "менімен бірге" дейді. Арнайы бөлімде бұл — қағида емес, адамдардың қауіпсіздігі мен өмірі үшін жауапкершілік, - дейді ол.
Самат Жантасов үшін бұл ұстаным кездейсоқ қалыптаспаған. Оның арнайы жасақтағы жолы бала кезден басталып, спорт арқылы шыңдалған. Спорт мектебінде тәрбиеленген ол тәртіп пен төзімділікті өмірлік серігіне айналдырды.

— Спорт мен үшін медаль емес, өзіңді жеңу. Күш таусылған сәтте де шешім қабылдай білу — нағыз жеңіс, — дейді ол.
Осы қағида оның командирлік стилінің негізіне айналған. Ол үшін басты талап — құрмет шенмен берілмейді, ол күнделікті еңбектен туады. Әр қызметкерге деген көзқараста әділдік пен сенім бірінші орында.
Арнайы жасақтағы қызмет жоғары психологиялық жүктемемен байланысты. Сондықтан ұжымдық дайындық пен психологиялық тұрақтылыққа ерекше көңіл бөлінеді. Командир әр қызметкердің жағдайын бақылауда ұстап, жеке қолдау көрсетуді маңызды санайды.
— Стреске төзімділік — дамитын қасиет. Қиын жағдайда да сабыр сақтап, нақты әрекет етуге үйренуге болады, — дейді Самат Жантасов.
Арнайы жасақ тек жедел операцияларға ғана емес, қоғам қауіпсіздігіне де үлес қосады. Мәселен, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімдерімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары жүргізіліп, азаматтардың қаржы қауіпсіздігі қорғалды. Соның нәтижесінде азаматтардың 60 миллион теңгеден астам қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік туды.
Қызметтен тыс уақытта Самат Жантасов — отбасына қамқор әке. Оның екі қызы мен кішкентай ұлы бар. Балалары спортпен айналысып, түрлі жетістіктерге жетіп жүр.
— Үйде мен командир емеспін, әкемін. Әкелік — шыдамдылық пен түсіністікке үйретеді, — дейді ол.
Оның өмірлік ұстанымы қарапайым әрі салмақты:
— Кез келген жағдайда адам болып қалу. Ар-ұжданға қарсы әрекет етсең — жеңілгенің. Лауазым да, жағдай да өтпелі, ал ар мен есім мәңгі.
Бұл сөздерде жауапкершілігі секундына өлшенетін, бірақ мәні жылдарға созылатын мамандықтың терең философиясы жатыр.
