Полициядағы абыройлы жол: полиция қызметкері Медет Тұрабовтың қызметі
Қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуы – өз ісіне адал, кәсіби білікті мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген қызметкерлердің бірі – Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысы Медет Тұрабов. Ол туралы Polisia.kz сайтынан толығырақ оқыңыздар.
Медет Тұрабов үшін полиция қызметі – жай ғана мамандық емес, саналы түрде таңдалған өмірлік жол мен халық алдындағы зор жауапкершілік. Медет еңбекқорлыққа, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген ортада тәрбиеленіп өсті. Ертіс ауданындағы №2 орта мектепті тәмамдағаннан кейін құқық саласын таңдауы да кездейсоқ емес еді. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету болды.
Алғашқы кәсіби білімін Павлодар гуманитарлық колледжінде "Құқықтану" мамандығы бойынша алған ол кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте оқуын жалғастырды. Бұл білім жолы оның құқық қорғау органдарындағы қызметке нық қадам басуына негіз болды.
Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Медет Тұрабов 2019 жылы Ертіс аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобы инспекторының көмекшісі ретінде бастады. Оның кәсіби әрі тұлғалық қалыптасуына Өскемен қаласындағы №2017 әскери бөлімінде өткен мерзімді әскери қызметі де ерекше ықпал етті. Барлаушы-мерген ретінде әскери борышын өтеу жас маманның мінезін шыңдап, төзімділікке, тәртіпке, жауапкершілікке және кез келген күрделі жағдайда байыппен шешім қабылдай білуге үйретті.
Кәсіби білімін жетілдіруге деген ұмтылыс оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына алып келді. Академияны 2023 жылы тәмамдағаннан кейін Медет Әбдірахманұлы аға анықтаушы лауазымына тағайындалды. Бүгінде ол полиция аға лейтенанты ретінде азаматтардың құқықтарын қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету жолында адал қызмет атқарып келеді.
Анықтаушының жұмысы тек заңды жетік білумен немесе процессуалдық құжаттарды рәсімдеумен шектелмейді. Әрбір істің артында адам тағдыры, өмірлік жағдайлар мен әділдікке деген үміт тұрады. Сондықтан Медет Тұрабов өз қызметінде заңдылық, объективтілік, әділдік және әрбір азаматқа құрметпен қарау қағидаларын басты ұстаным санайды.
– Офицер болу – халықтың сенімін күн сайын адал қызметіңмен, әділдігіңмен және жауапкершілігіңмен ақтау. Әрбір қабылданған шешімнің артында заң ғана емес, адам тағдыры да тұрады, – дейді Медет Тұрабов.
Осындай өз ісіне адал қызметкерлердің күнделікті еңбегінің арқасында қоғамдағы құқықтық тәртіп нығайып, азаматтардың қауіпсіздігі мен заңды құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етіледі. Полиция қатарында қызмет ету – үлкен жауапкершілік қана емес, елге қызмет етудің ең абыройлы жолдарының бірі.
