Жетісуда қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары күшейтілді
Жетісу облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылып, тіпті ұсақ көрінетін заң бұзушылықтар да қатаң бақылауға алынуда.
Қоғамдық аумақтарды ластау деректері полиция департаментінің жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы ғана емес, сондай-ақ патрульдік қызмет барысында және тұрғындардың өтініштері негізінде де анықталуда. Соның нәтижесінде темекі қалдығын тастау және абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 165 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Әрбір дерек заң аясында қаралып, тиісті шаралар қабылдануда.
Полиция қызметінің мәліметінше, табиғатты ластау — тек ұсақ тәртіп бұзушылық емес, ол қоршаған ортаға және қоғамдық тәртіпке деген немқұрайдылықтың көрінісі.
- Тазалық — әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Ол өзінен басталады, — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Сонымен қатар өңірде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері тұрғындарға қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениетін түсіндіріп, тазалық пен тәртіпті сақтау — қауіпсіз әрі жайлы қоғам қалыптастырудың негізі екенін еске салуда.
