Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы атты полиция взводы - Қазақстандағы үздік бөлімшелердің бірі

Абай облысында еліміздегі ең ерекше әрі көпшілікке кеңінен танылған бөлімшелердің бірі - атты полиция взводы қызмет атқарып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл тек атпен патрульдеу ғана емес, бұл — Ұлы дала тарихы, қазақ халқының атқа міну мәдениеті мен заманауи құқық қорғау жүйесінің сабақтастығын айшықтайтын бірегей құрылым.

Қазақ даласы ежелден атбегілік өнерімен және жылқыға деген ерекше құрметімен танылған. Бүгінде осы дәстүрді полиция кавалеристері лайықты жалғастырып, күн сайын қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет етіп келеді. Олар дала полициясының рухын сақтап, ішкі істер органдарының қызметіне ұлттық болмыс пен ерекше сипат беруде.

Абай облысы полиция департаментінің атты полиция взводы еліміздегі үздік бөлімшелердің бірі саналады. Ұжым жоғары тәртіппен, кәсіби даярлықтың жоғары деңгейімен және қызметтік жылқыларға деген айрықша қамқорлығымен ерекшеленеді. Полицейлер үшін әрбір тұлпар — сенімді серік әрі қызметтегі нағыз әріптес. Әр жылқының артында күнделікті күтім, тұрақты жаттығу, қамқорлық пен өзара сенім жатыр.

Атты полиция қызметкерлері автокөлікпен жету қиын аумақтарда қызмет атқарады. Олар Бейбітшілік аралында, жағалау және саябақ аумақтарында, саяжай алқаптарында, сондай-ақ күрделі учаскелерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Кең аумақты бақылау мүмкіндігі мен жедел әрекет ету қабілетінің арқасында кавалеристер құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етіп келеді.

Әсіресе мерекелік және бұқаралық іс-шаралар кезінде атты патрульдер көпшіліктің ерекше ықыласына бөленеді. Өңір тұрғындары мен қонақтары оларды қызығушылықпен қарсы алады. Ал көптеген балалар үшін атты полициямен кездесу — құқық қорғау органдары қызметі туралы алғашқы жарқын әсердің бірі.

Бүгінде атты полиция взводы — қоғамдық тәртіптің кепілі ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухтың, ұрпақ сабақтастығының және қызмет мәдениетінің символына айналған құрылым. Мұнда күш пен тектілік, тәртіп пен дәстүрге, жануарларға деген құрмет үйлесімді үндескен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру