Семейде ұлына алимент төлеуден жалтарған азамат анықталды
Семейде ұлына алимент төлеуден жалтарған азамат анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
38 жастағы Семей қаласының тұрғыны жеті жылға жуық уақыт бойы кәмелетке толмаған ұлына алимент төлеуден жалтарып келген. Он жыл ішіндегі жалпы қарыз көлемі бес миллион теңгеден асты.
Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін сотталған Семей қаласының Затон аудандық пробация қызметінің есебіне қойылды.
Есепке қою барысында сотталған азаматқа жазаны өтеу тәртібі мен шарттары, сондай-ақ сот белгілеген шектеулерді бұзудың салдары жан-жақты түсіндірілді.
— Мен өзімнің жауапсыз әрекеттерімнің салдарын енді ғана түсіндім. Қазір ұлым 15 жаста. Осы уақыт ішінде мен оның өміріне іс жүзінде араласпадым әрі әке ретінде қажетті қолдау көрсете алмадым. Бұрын төлемдерді кейінге қалдырып, жауапкершіліктен қашуға болады деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт өте келе жоғалған жылдарды қайтару мүмкін емес екенін түсінеді екенсің. Ең ауыры — балаңның сенің қолдауыңсыз өскенін ұғыну. Бүгінде алимент — жай ғана ақша емес, өз балаңның болашағына деген қамқорлық екенін түсіндім. Өз іс-әрекетіме қатты өкінемін және қателігімді түзеткім келеді, — деді сотталған азамат.
— Сотталған азаматты қоғамнан оқшауламай-ақ өз мінез-құлқын түзетуге бірнеше рет мүмкіндік берілді. Бас бостандығын шектеу жазасы — адамның қоғамда қалып, жұмысын сақтап, жақындарымен қарым-қатынасын жалғастырып, заң талаптарын сақтау арқылы түзелгенін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Ата-аналық міндеттерді орындаудан жалтару, сондай-ақ жазаны өтеу тәртібін бұзу заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады, — деп атап өтті Семей қаласының Затон аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Ерик Усербаев.
