Елордада кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруі бақылауға алынды
Астанада полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейд барысында тәртіп сақшылары аулаларды, саябақтарды, компьютерлік клубтарды, ойын-сауық орындарын және жастар жиі жиналатын өзге де аумақтарды тексереді.
Мәселен, ювеналды полиция қызметкерлері сағат 23:00-ден кейін Ботаникалық саябақ аумағында заңды өкілінің қарауынсыз жүрген 15 жастағы жасөспірімді анықтады. Аталған дерек бойынша заңды өкілге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Жыл басынан бері осы бап талаптарын бұзғаны үшін шамамен 2500 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарға сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғынжайдан тыс жерде жүруге, сондай-ақ түнгі уақытта ойын-сауық орындарында ересектерсіз болуға тыйым салынады.
