Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Халықаралық музей күні: Павлодарда жас буын полиция тарихымен танысты

Халықаралық музей күніне орай Павлодар облысы ПД-ның жас қызметкерлері мен "Жас сарбаз" сыныбының оқушылары 1975 жылы құрылған Павлодар облысы полиция департаментінің музейіне барып, құқық қорғау органдарының қалыптасу және даму тарихымен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Музей инспекторы Жұлдыз Аймұлдинова қонақтарға облыстық ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдері туралы жан-жақты мәлімет беріп, музей экспонаттарымен таныстырды. Көрмеде тарихи құжаттар, қару-жарақ, қызметтік техника, формалық киімдер, жеке заттар, куәліктер, грамоталар, айырым белгілері, сондай-ақ қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан ардагерлер мен қызметкерлердің ведомстволық марапаттары ұсынылды.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған орындардың бірі —  Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған ерлік бұрышы болды.

— Полиция қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ біздің қызметкерлер сотталған азаматтармен де жұмыс жүргізеді. Қызмет бағыттары әртүрлі болғанымен, полиция мен қылмыстық-атқару жүйесі — біртұтас жүйенің маңызды бөлігі. Полиция қызметінің ерекшелігін терең түсіну сотталғандардың өмір жолын ұғынуға көмектеседі және түзеу мекемелеріндегі жұмыстың тиімділігін арттырады. Осындай іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, құқық қорғау жүйесіне деген құрметті қалыптастырады, — деді қызметкер.

— Бұл экскурсия біз үшін тек танымдық емес, үлкен әсер қалдырған кездесу болды. Мұндай шаралар полиция қызметінің маңызын тереңірек түсінуге және олардың еңбегіне құрметпен қарауға ықпал етеді, — дейді "Жас сарбаз" сыныбының оқушылары.

Полиция ведомствосы музей есігі құқық қорғау органдарының тарихына қызығушылық танытатын барлық азаматтар үшін әрдайым ашық екенін атап өтті. Қонақтар Ертіс өңіріндегі ішкі істер органдарының қалыптасуы, революцияға дейінгі кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі даму тарихы және өңірдегі кеңестік милицияның алғашқы негізін қалаушылар туралы құнды деректермен таныса алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру