Абай облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл әйелдер колониясына барды
Абай облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл әйелдер колониясына барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Дулат Жумагелдин өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесінің әйелдер колониясына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Омбудсмен сотталғандардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізіп, олардың ұсталуы жағдайларымен, тамақтандыруды ұйымдастыру, медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан әйелдердің еңбекпен қамтылуы мен әлеуметтік бейімделу мәселелерімен танысты.
Тұрғын жағдайларына ерекше назар аударылды. Мекемені аралау аясында жатын орындар, асхана, тамақ қабылдау орындары, жеке гигиена бөлмелері мен санитарлық-тұрмыстық блоктар тексерілді. Санитарлық талаптардың сақталуы, тұрмыстық қамтамасыз ету деңгейі және сотталғандардың өмір сүруге қажетті жағдайларға қолжетімділігі бағаланды.
Сапардың жеке бағыты ретінде мекеменің өндірістік қызметі зерделенді. Колония аумағында сотталғандарды еңбекпен қамтуды қамтамасыз ететін алты өндірістік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында кондитерлік цех, жартылай фабрикаттар өндіру цехы, екі тігін цехы, шұжық цехы, сондай-ақ көкөніс өнімдерін өсіру және өңдеу учаскесі бар.
Сапар аясында 30-дан астам сотталған әйел арасында ұстау жағдайларын, құқықтардың сақталу деңгейін, сондай-ақ медициналық, психологиялық және құқықтық көмектің қолжетімділігін бағалауға бағытталған анонимді сауалнама жүргізілді. Сонымен қатар жеке қабылдау ұйымдастырылып, оның барысында 10-нан астам сотталған өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша уәкілге тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болды.
Қайта әлеуметтендіру бағдарламаларын қолдау мақсатында мекеме кітапханасының қоры қайырымдылық бастама аясында жиналған 150-ден астам кітаппен толықтырылды. Бұл қадам білім беру ортасын дамытуға және сотталған әйелдердің бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған.
— Мұндай сапарлар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, өзекті мәселелерге дер кезінде ден қоюға және сотталғандардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға ықпал етеді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ержан Ахметгалиев.
