Талдықорғанда "Әділетті полицей" зияткерлік турнирі өтті
Жетісу облысы полиция департаментінде турнир қонақтарын жылы қарсы алып, оларға ведомствоның тарихы мен қызмет жолы таныстырылды. Қатысушылар департамент музейін аралап, ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдерімен, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет еткен полиция қызметкерлерінің тарихи жәдігерлері және естеліктерімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кейін Талдықорған қаласындағы "Салтанат сарайында" Жетісу облысы, Алматы қаласы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары полиция департаменттерінің командалары қатысқан "Әділетті полицей" атты шығыс өңірлік зияткерлік турнир өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, полиция қызметкерлері арасында әділдік, адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға бағытталды.
Турнирдің ашылуында Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров құттықтау сөз сөйледі. Қазылар алқасының құрамында полиция бөлімшелерінің басшылары, баспасөз қызметінің өкілдері, сондай-ақ І. Жансүгіров атындағы университеттің профессоры, ІІО ардагері Болат Молдабеков болды.
Зияткерлік сайыс бірнеше кезеңнен тұрды: жалпы тур, жартылай финал және финал. Қатысушылар заңнама, Қазақстан тарихы, кәсіби этика және қызметтік даярлық бойынша білімдерін сынап, финалда ситуациялық бейнетапсырмаларды орындады.
Турнирдің ең тартысты кезеңдерінің бірі — "Байланыс бар!" ойыны болды. Бұл кезеңде командалар ұйымшылдықтарын, жедел ойлау қабілеттерін және өзара әрекеттесу дағдыларын жоғары деңгейде көрсетті.
