Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында балалар қауіпсіздігіне арналған форум өтті

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровтың бастамасымен "Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның жауапкершілігі" атты форум аясында әлем чемпиондары, танымал спортшылар және құқық қорғау органдарының өкілдері Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге экскурсия жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл – ғасырлар шежіресін сақтаған, Қазақстандағы алғашқы педагогикалық оқу орындарының бірі.

Колледж тарихы 1903 жылы Семей қаласында мұғалімдер семинариясының ашылуынан бастау алады. Бүгінде бұл білім ордасы тек ұстаздар даярлайтын мекеме ғана емес, қоғамға адал қызмет ететін тұлғаларды тәрбиелейтін тағылым ордасына айналған. Полиция қызметкерлері үшін мұндай тарихи мекен – өнеге мен рухани сабақтастықтың символы. Өйткені мұнда жас ұрпаққа заңға құрметпен қарау мен қоғам алдындағы жауапкершілік сезімі дәріптеледі.

Аталған оқу орнында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов сынды көрнекті тұлғалар білім алған.

Форумның дәл осы жерде өтуі де кездейсоқ емес. Себебі колледждің бірегей түлектерінің бірі – Қазақстан милициясының қалыптасуына негіз қалаған, кейін Ішкі істер министрі қызметін атқарған алғашқы қазақ офицері Шырақбек Қабылбаев осы оқу орнында білім алған.

- Балалардың қауіпсіздігі – тек ата-аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның және, әрине, полицияның басты міндеті. Біз құқық қорғау органдары ретінде балалардың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алуын қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргіземіз. Жастар өткен тарихын ұмытпауы тиіс. Қара шаңырақта өтіп жатқан бүгінгі форум – қоғам мен полицияның өзара бірлесіп әрекет етуінің жарқын көрінісі, – деп атап өтті экскурсия барысында Эльдар Данияров.

Сапар барысында қатысушылар колледждің тарихи мұрасымен танысып, заманауи инфрақұрылымын тамашалады. Сондай-ақ полиция қызметінің қоғамдағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызды рөлі жөнінде кеңінен ақпарат алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру