Павлодарда құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі тоқтатылды
Павлодарда құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісінің жолы кесілді. Бұл деректі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері анықтаған.
Тексеру барысында ер адамның тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тінту кезінде өсіруге тыйым салынған өсімдіктер табылып, тәркіленді. Анықталғандай, күдікті интернет арқылы каннабис тұқымдарын сатып алып, оларды үй жағдайында өсіру мақсатында отырғызған. Нәтижесінде пәтерінде қарасораның шағын заңсыз плантациясын ұйымдастырған.
— Есірткі заттары бар және өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — деп хабарлады Павлодар облысының ПД.
Полиция интернеттегі "жеңіл табыс" туралы ұсыныстардың артында көбіне қылмыстық схемалар жатқанын еске салады. Мұндай әрекеттер азаматтарды заң бұзушылыққа итермелеп, ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін. Күмәнді ұсыныстарға сенбей, әр азамат өз болашағы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет.
