Екібастұзда полицейлер кеншілерге киберқауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Екібастұзда полицейлер кеншілерге киберқауіпсіздік ережелерін түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұздағы "Богатырь Көмір" кенішінде полиция қызметкерлері азаматтардың қаржысын киберқылмыскерлерден қорғауға бағытталған профилактикалық кездесу өткізді.
— Екібастұздағы ірі қала құраушы кәсіпорындарда құқық қорғау органдарының мұндай кездесулері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Өйткені өндіріс саласының қызметкерлері интернет-алаяқтардың негізгі нысанасына жиі айналады. Статистикаға сәйкес, өңірдегі ондаған кенші күмәнді инвестициялар мен телефон алаяқтарының әрекеттері салдарынан ірі көлемде қаржылық шығынға ұшыраған, — деді Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Асылбек Қайроллаев.
Кездесу барысында киберполиция қызметкерлері цифрлық қауіпсіздікке қатысты маңызды кеңестер берді. Атап айтқанда, SMS арқылы келетін растау кодтарын, PIN-кодтарды және банк картасының үш таңбалы кодын ешкімге бермеу қажеттігі ескертілді.
Сондай-ақ өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, "күдікті операциялар", "қауіпсіз шот" немесе "жасырын несие рәсімдеу" туралы айтатын тұлғалармен әңгімені дереу тоқтату қажеттігі түсіндірілді. Полицейлер алаяқтардың кей жағдайда коммуналдық қызмет өкілдері болып хабарласып, азаматтардың жеке кабинеттеріне кіру кодтарын алдап алуға тырысатынын да атап өтті.
Полиция өкілдері банктік қосымшалардың басты бетінде ірі депозиттердің қалдығын көрсетпеуге және интернет арқылы жасалатын транзакцияларға нөлдік лимит орнатуға кеңес берді. Қажет болған жағдайда лимитті тек сатып алу кезінде уақытша көтеру ұсынылды.
Егер күмәнді әрекеттер байқалса немесе банк картасының деректері бөтен адамдардың қолына түсіп кетсе, мобильді банкинг арқылы шоттарды дереу бұғаттап, "102" нөміріне хабарласу қажет екені айтылды. Полицейлердің сөзінше, мұндай жағдайда әр минут маңызды, өйткені жедел әрекет ету транзакцияларды уақытында тоқтатуға және қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді.
