"Таза Қазақстан" акциясы: Абай облысында 6,5 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Абай облысында жыл басынан бері "Таза Қазақстан" акциясы аясында 6 412 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында "Таза Қазақстан" республикалық бастама аясында қоғамдық тәртіпті нығайту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Жыл басынан бері өңірде жалпы саны 6 412 құқық бұзушылық дерегі анықталып, жолы кесілді.
Атап айтқанда, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілері бойынша 517 құқық бұзушылық тіркелсе, қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым объектілерін бүлдіру, жасыл желектерге зақым келтіру сияқты экологиялық тәртіпке қарсы әрекеттер бойынша 5 895 дерек анықталған.
Сондай-ақ, құқық бұзушылықтар дронның көмегімен де анықталуда.
Аталған бағытта тек бақылау шаралары ғана емес, сонымен қатар алдын алу және түсіндіру жұмыстары да кең көлемде жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, алдын алу мақсатында жүйелі мониторинг жүргізуде.
Сонымен қатар халық арасында санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету және экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Бұл бастамалар азаматтардың табиғатқа деген ұқыпты көзқарасын қалыптастыруға және қоғамдық мәдениетті дамытуға бағытталған.
