Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері Мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Семей қаласында Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен жастар қатысты.
Республика алаңында өткен салтанатты жиын тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі саналатын Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранға деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Биыл еліміздің мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 34 жыл толып отыр.

Салтанатты шараға Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен оған қарасты мекемелердің қызметкерлері де қатысты. Олар қала тұрғындарымен бірге ел тәуелсіздігінің нышаны саналатын мемлекеттік рәміздерге тағзым етіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметтерін білдірді.

Абай облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері үшін мұндай іс-шаралардың маңызы ерекше. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – патриотизмнің, азаматтық жауапкершіліктің және Отанға адал қызмет етудің маңызды көрінісі. Салтанатты рәсім қызметкерлердің ел тарихына, ұлттық құндылықтарға және мемлекеттік мүдделерге деген құрметін тағы бір мәрте айқындады.

– Мемлекеттік рәміздер азаматтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, ел болашағына деген жауапкершілікті нығайтады. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру аса маңызды, – деді Абай облысы бойынша ҚАЖД кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Райгүл Сауғабаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру